Байзақ ауданында баянды жұмыстар көп
Байзақ ауданында "Ауыл – ел бесігі" бойынша атқарылған жұмыс көп. Аудан әкімі Нұржан Нұржігітовпен кездесу барысында ауданда атқарылған жұмыстармен жақынырақ таныстық.
– Бүгінде "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында Сарыкемер ауылын жаңғырту мақсатында ел қазынасынан 948 миллион теңге бөлініп, 29 жоба іске асырылды. Атап айтсам, пайдалануға берілген нысандардың ішінде аудандық орталық аурухана, білім нысандары мен балабақшалар бар. Сондай-ақ ондаған көшеге асфальт жабыны төселіп, жарықтандырылды. Асфальт төсеу жұмыстары облыстық мәндегі автомобиль жолдарында әлі де жалғасын табуда. Бұдан бөлек, аудандық орталық стадион аумағында ашық аспан астындағы шағын футбол және әмбебап баскетбол алаңы жасақталып, пайдалануға берілді. Аудандық Мәдениет үйіне, орталық кітапханаға, мұражайға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Енді, алдағы жылы Қостөбе, Үлгілі, Бозарық, Байзақ жәні Қосақ ауылдарын жобаға енгізуді жоспарлаудамыз, – дей келіп, Нұржігіт Молдиярұлы ауданда халық санының артуына байланысты көп қабатты тұрғын үй салу, ауызсу мен табиғи отын желісін жүргізу, басқа да аса маңызды жоспарларымен бөлісті.
Осыдан кейін "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен "Теремок" балабақшасының жұмысымен таныстық. Балабақша меңгерушісі Толғанай Мыхиеваның айтуынша, бұл нысан 1985 жылы пайдалануға беріліпті. Содан бері отыз жылдан аса уақыт жөндеу көрмеген ғимаратқа биыл күрделі жөндеу жүргізіліп, 180 орындық балабақша жақында ғана жұмысын бастапты. Онда 46 адам еңбек етуде.
Балабақша іші жылы. Жылу жүйесі едені арқылы да жүргізілген. Біз барғанда балдырғандар ән-би үйірмелерінде ән үйреніп, би билеп жатты. Бір байқағанымыз – жаңа нысан соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен, бейнебақылаумен жабдықталыпты.
Бұдан бөлек, орталық спорт кешенінің ауласындағы ашық аспан астында салынған футбол мен әмбебап шағын алаңды да барып көрдік. Аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әділхан Омаровтың айтуынша, мердігер "Архат" пен "Brr" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қос нысанның құрылысын 1,5 айда аяқтаған.
Соңғы нысан, Көктал ауылдық округінде орналасқан "Аллель Агро" акционерлік қоғамының соғып жатқан құс фабрикасы болды. Бұл нысанға қараңғы түсе бастағанда барғандықтан да болар, мекеме басшылары үйлеріне тарқап кетіпті. Онда бізді ғимарат алдында ауылдық округтің әкімі Бақытжан Үкібаев қарсы алды. Аумағы атшаптырым жерді алып жатқан қожалықтың алаңында 12 құс фермасы тұрғызылыпты. Оған қарап тұрып, бұрынғы кеңес үкіметі тұсындағы сауын фермалары есіме түсіп кетті. Екі танапқа қаз-қатар орналасқан ғимараттардың ені мен ұзын-дығы сол фермалардан аспаса кем түспейді.
Ауданда жаңадан бой көтеріп жатқан құс фермасының жылдық қуаттылығы – 20 мың тонна құс етін өндіру. Фабрика іске толық қуатында қосылса, мұнда 680 жұмыс орны ашылмақ. Ал жергілікті бюджетке 540 миллион теңге салық түседі деген болжам бар. Құс етін Қытай, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан мен Тәжікстан мемлекеттеріне экспорттауды да көздеп отыр.