"Ауыл – ел бесігі" жобасы Жамбылда сәтті іске асуда
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен құрылған баспасөз туры аудандарға осынау "Ауыл – ел бесігі" жобасының, басқа да мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын зерделеу үшін жолға шыққан еді.
Ондағы басты мақсат – мемлекеттік бағдарламалар мен аудан әкімдерінің индикаторлық көрсеткіштерінің орындалуы, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көріп, игі істерді халыққа жеткізу. Сонымен баспасөз турының алғашқы жұмыс сапары Жамбыл ауданынан бастау алды.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аудан әкімі Бақыт Қазанбасов арнайы қабылдап, ауданда атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауында Елбасының "Ауыл – ел бесігі" жобасын жүзеге асыруды жалғастыратындығын айтып, Үкіметке оны жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге қарастыруды тапсырғаны белгілі. Осы жобаға біздің аудан орталығы – Аса ауылы енген болатын. Аса ауылын жаңғырту мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен 726 миллион теңге бөлініп, 35 жоба қаржыландырылды. Бұл қаржыға автомобиль жолдарына асфальт жабыны төселіп, ауызсу және кәріз жүйесі тартылып, көшелер жарықтандырылды. Сонымен қатар білім, мәдениет нысандары қайта жаңғыртудан өткізілсе, қазір жаңа спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде, – деді ол.
Бүгінде ауданда жүзеге асырылуы тиіс 35 жобаның 33-інің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген. Ал Абай көшесі бойында әмбебап залы бар үлкен спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы салынуда. Жобаның құны 514 миллион теңгені құрайды. Нысан келесі жылға өтпелі болғандықтан, биылғы жылға 150 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда ғимараттың бірінші қабаты тұрғызылуда. Құрылыс жұмыстарына 35 жергілікті тұрғын тартылған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан құрылысқа қыста қолданылатын материалдар жоспарға сәйкес рұқсат етіліпті. Бұл ғимаратты "Өмірзақ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрғызуда. Аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Тілеубаевтың айтуынша, бұл кешен 13 айда тұрғызылып бітуі тиіс екен. Жалпы, нысанның құрылыс жұмыстары кестеге сай, жобаға сәйкес жүргізіліп жатса керек. Яғни бұл ғимаратты серіктестік алдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға бергелі отыр.
Келесі кезекте болашақ №34 саз мектебінің құрылыс жұмысымен таныстық. Кеңестік дәуірден қалған Жамбыл атындағы кинотеатр талай жыл қаңырап бос тұрыпты. Жергілікті билік оны аудандық білім бөліміне өткізіп, музыка мектебін ашқалы отыр. Сүйегі мықты ғимараттың құрылыс жұмыстарын "Райша – 3" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Серіктестіктің учаске басшысы Сәкен Сәдиевтің айтуынша, нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін құрылыс жұмыстарына 128 миллион теңге бөлініпті. Бұл нысанды мердігер желтоқсан айында тапсырмақ. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған.