Жуалыда жұмыс жүйелі, жоспар айқын
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен ұйымдастырылған баспасөз-туры аясында БАҚ өкілдері Жуалы ауданына жол тартып, «Ауыл – ел бесігі» жобасының, басқа да мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына қанықты. Сондай-ақ аудан әкімдерінің индикаторлық көрсеткіштерінің орындалуы, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Қысы қытымыр келетін аталған аудандағы баспасөз-туры жолдарды қардан тазартатын техникалардың қысқа дайындығымен танысудан басталды. Орталық алаңға тізілген техникалардың дайындығын аудан əкімінің орынбасары Асхат Жабағы таныстырып, ауданның кәрі құда – қыстың әлегіне дайын екендіктерін жеткізді. жалпы, аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 561,2 шақырымды құрайды. Республикалық мəндегі 58,1 шақырым жолды күтіп ұстау «Қазавтожол» республикалық мемлекеттік кəсіпорнына жүктелген. Сонымен қатар көлік қозғалысына қолайсыздық тудыратын Күйік пен Шақпақ ата асуларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру бүгіннен басталып кетіпті. Бұл іс-шараға мекеменің 9 техникасы тартылған. Ал облыстық жəне аудандық мəндегі жолдарды қардан тазалау жұмыстарын «Жол de Lux» ЖШС мен «Жасыл-Жуалы» мекемелері өз жауапкершіліктеріне алған.
Оған тартылған техника саны – 18. Аудан əкімінің орынбасары Асхат Жабағының айтуынша, қыс қаншалықты қақарына мінсе де, аудандық мəндегі жолдарды қардан тазалау бұл техникалар үшін ешқандай қиындық тудырмайтын көрінеді. Бұдан бөлек, тайғаққа қарсы себу үшін 200 тонна құм, 20 тонна тұз дайындалып, жолдарға себілуде. Жақында аудандық №7 өрт сөндіру бөлімі «Трикол» жол талғамайтын автокөлігімен толығып, табиғаттың тосыннан келетін мінезіне қарсы тұруға әзір тұр. Оны да сап түзеген техникалар қатарынан көріп қалдық.
Мұнан соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аудан әкімі Нарбай Ергебеков қабылдап, ауданның 9 айдағы атқарған жұмыс барысымен таныстырды.
– Тоғыз айда ауданда 36 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда ол 17,7 пайызға өскен. Бұдан бөлек, басқа салаларда да өсім бар. Айталық, құрылыс саласы 9,8 пайызға өскен. Мал шаруашылығында мүйізді ірі қара – 2,4 қой-ешкі 3,6 пайызға көбейген. Соның есебінен ет өндіру – 1,5 сүт өнімдері 1,7 пайызға артып отыр. Сонымен бірге ауданда туризм саласы дамып келеді. «Қаралма» тау-шаңғы кешені құрлысы қарқынды жүргізілуде. Қазір мердігер аспалы жолды құрастыру үстінде. Көксай шатқалында жеке кəсіпкерге 40 гектар жер телімі беріліп, жаңа демалыс орны бой көтеруде. Берікқара шатқалында 300 орындық демалыс орны салынып, демалушыларды қабылдауда. Ал «Қаралма» тау-шаңғы кешеніне барып сырғанаушыларға биыл да жағдай жасалатын болады, – дейді Нарбай Əбілқасымұлы.