Жамбылда алты жаңа медициналық нысан ел игілігіне берілді
Тәуелсіздік күні мен Жамбыл облысының 80 жылдық мерекесіне орай Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданында алты жаңа медициналық нысан халық игілігіне пайдалануға берілді, деп хабарлайды zakon.kz.
Сәрсенбі күні аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Көкдөнен ауылында 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысып, жүрекжарды лебізін айтты. Аудан басшысы өз сөзінде:
– Құрметті ауыл тұрғындары, баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі тәу етер Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Біздің отандастарымыз үшін бұл мерекенің орны ерекше. Ата-бабаларымыз қаншама қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерсе де, соның ешбіріне мойымай, қаймықпай күресіп, болашақ ұрпағына ұлан байтақ жерімізді аманат етіп қалдырды. Бүгінде Қазақстан өз алдына ту тіккен, егемендігін күллі әлем елдері мойындап, саясатт… Ойға алған мақсаттарың қабыл болсын, - деп жиылған көпшілікке ақ батасын берді.
Айта кетейік, Көкдөнен ауылдық дәрігерлік амбулаториясының құрылыс жұмыстарын «Құлан жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. 15 келушіге арналған медициналық ғимаратқа 36 млн. теңге қаражат бөлініп, толығымен игерілген екен. Салтанатты шара барысында «Құлан жолдары» ЖШС-нің директоры Айгүл Сұлтанова Көкдөнен ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Барлыбай Утамұратовқа медициналық ғимараттың «Символикалық кілтін» табыс етті. Жиын соңында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов пен Көкдөнен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Махаметкерім жаңа медпункттің лентасын салтанатты түрде қиды.
Тәуелсіздік күнімен облысымыздың 80 жылдық мерекесі қарсаңында Қайыңды, Өрнек пен Тереңөзек ауылдық округіне қарасты Сөгеті, Сәлімбай және Көкарық, сондай-ақ, Қарақыстақ пен Құмарық ауылдық округіне қарасты Жалпақсаз және Алғабас елдімекендерінің тұрғындары да көкдөнендік жұртшылық секілді қуанышқа кенелді. Өйткені, аталмыш мереке қарсаңында ауыл тұрғындары көптен бері мәселе қылып көтеріп келген негізгі проблема оң шешімін тауып, жұртшылыққа жаңа медициналық ғимараттың «Символикалық кілті» табыс етілді. Аудан аумағынан шалғай жатқан елдімекен тұрғындарының бұл қуаныштарына аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов пен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Шындос Мырзалиев ортақтасып, ақжарма тілектерін жеткізді.