Жамбылдағы пилоттық жоба бойынша 200-ге жуық техника берілді
Бүгін "Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту" жобасы аясында алынған ауыл шаруашылық техникаларын салтанатты табыстау рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, пилоттық он бір округте құрылған кооперативтерге 194 бірлік техниканы табыстады.
Шара барысында аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, алдағы уақытта пилоттық жоба облыс тұрғындарының табысын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз септігін тигізетінін атап өтті.
Аталған жобаның төртінші бағыты - ауыл шаруашылығы кооперативін қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету. Бұл бағытқа 1 070,9 миллион теңге қарастырылып, ол қаржыға кооперативтерге қажетті техникалардың 29 түрінен 194 дана техника алынған болатын. Оның ішінде 33 трактор, 11 комбаин, 3 камаз көлігі және тағы басқа 149 дана агросалаға қажетті техникалар бар.
Атап айтқанда, Байзақ ауданы, Қостөбе ауылындағы "Қостөбе-2019" кооперативіне 14 дана, Түймекент ауылындағы "Түймекент-2019" кооперативіне 18 дана, Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылындағы "Іске Сәт" кооперативіне 22 дана, Жуалы ауданы, Бәйтерек ауылындағы "Атамекен Бастау" кооперативіне 19 дана, Қордай ауданы, Жаңатұрмыс ауылындағы "Жаңатұрмыс-Бірлік" кооперативіне 19 дана, Меркі ауданы, Сұрат ауылындағы "Сұрат Даму" кооперативіне 19 дана, Мойынқұм ауданы, Айдарлы ауылындағы "Айдарлы Агро-2019" коперативіне 13 дана, Сарысу ауданы, Саудакент ауылындағы "Саудакент 2019" кооперативіне 20 дана, Талас ауданы, Үшарал ауылындағы "Талас-2020" кооперативіне 18 дана, Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылындағы "Құмарық-Тау" кооперативіне 17 дана, Шу ауданы, Жаңақоғам ауылындағы "Омар-Шу" кооперативіне 15 дана техника табысталды. Айта кетерлігі, бұл техникалар Беларусь, Украина, Түркия, Ресей, Польша және өзіміздің отандық зауыттардан шыққан.
Бұл ауыл шаруашылығы техникалары "Тараз" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 5 пайызбен қосымша кепілсіз лизингке беріліп отыр. Алдағы уақытта осы техникалардың күшімен үй іргесіндегі 1 071,7 гектар және ауыл сыртындағы 77 362 гектар жерлер игерілетін болады.