Атырау өңірі кәсіпкерлері шығаратын өнім бойынша облыстар арасында көш бастап тұр
Бұл туралы аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен слекторлық жиында Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық басқарма басшысы Айқын Елеусізов мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz.
Айқын Елеусізов сондай-ақ пандемияға қарамастан Атырауда кәсіпкерлік субъектілерінің саны артқанын айтты.
Ағымдағы жылдың 1 мамырдағы жағдай бойынша, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 49 524 бірлікті құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға жоғары. Ал, кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 137,8 мың адамды құрап отыр, - деді спикер Айқын Елеусізов.
Сондай-ақ оның сөзінше, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің шығарылған өнім көлемі 25,5 пайызға өсіп, Атырау өңірі облыстар арасында көш бастап тұр.
Өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 1646 кәсіпкердің жобасы қолдау тауып, нәтижесінде 6697 жұмыс орны құрылды. Сонымен бірге, он төрт жас кәсіпкер грант иеленді.
Оның ішінде, негізінен транспорттық қызмет, жүк тасымалдау, өндіріс бағытындағы жобалар қамтылып отыр.
Сонымен бірге, өз кәсібін ашуға ниеттенген азаматтармен арада өткен жылдан бері 123 кездесу өтті. Кездесулер аудиториясы 5290 адамды қамтыды.
Ал өз кезегінде аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов кәсіпкерлікті дамытуға күш салатынын, салаға айрықша қолдау көрсету артатынын айтты.