Сапарбаев уақыт созбай дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесін шешуді тапсырды
Жамбыл облысы бойынша жедел штабтың кезекті отырысында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жауапты басқармаларға коронавирустық пандемияның екінші толқынына тыңғылықты дайындалуды тапсырды.
Жамбыл облысында үстіміздегі жылдың 26 маусымындағы жағдай бойынша 647 COVID-19 оқиғасы анықталған. Сонымен қатар, 478 симптомсыз науқас бар. Олардың басым бөлігі Тараз қаласында, Қордай, Байзақ және Жамбыл облыстарында тіркелген.
- Соңғы аптада облыста 113 симптоматикалық және 290 симптомсыз коронавирус инфекциясы тіркелді. Алдыңғы аптамен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіш 10 пайызға артты, - деді жиналыс барысында тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау және қауіпсіздік департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков.
Инфекция ошақтарында 6 632 байланыста болған тұлға анықталды десек, оның ішінде 4 609 жақын және 2 023 ықтимал байланыста болғандар. Бақылау мерзімі аяқталғаннан кейін 5 147 байланыста болған адам бақылаудан алынды. "Ұлттық сараптама орталығымен" Жамбыл облыстық филиалының 789 ошағында қорытынды дезинфекциялық өңдеу жүргізілді.
Шетелден және басқа өңірлерден келген барлығы 7 492 адам ПЦР-тестінен өтті. Оң нәтиже көрсеткен алты адам тұрғылықты жері бойынша Алматы, Қарағанды қалаларында және Қырғыз Республикасында емделуде.
Ағымдағы жылдың 22 маусымынан бастап облыста аурушаңдықтың 7 пайыздан астам өсуіне байланысты карантин талаптары күшейтілген болатын. СПА салондарының, фитнес салондарының, спортзалдардың, түнгі клубтардың, қоғамдық моншалардың, сауналардың, бассейндердің, ойын-сауық орталықтарының, тамақтану алаңдарының, кинотеатрлардың, компьютерлік және ойын клубтарының, балалар сауықтыру лагерлерінің, діни ұйымдардың, концерт залдарының, автомобильдер мен мал базарларының қызметіне тыйым салынған. Денсаулық сақтау мекемелерінде жоспарлы ауруханаға жатқызу уақытша тоқтатылды. Қызмет көрсету саласындағы объектілерді жұмыс режимі де қысқартылды.
Облыс бойынша 45 мониторинг тобы санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын тексеруде.
3268 нысанды тексеру нәтижелері бойынша карантин талаптарын бұзғаны үшін 66 хаттама толтырылды. 59 іс бойынша материалдар сотқа жолданған. Сонымен, Т.Рысқұлов аудандық сотының шешімімен жеке кәсіпкерге қатысты 194 460 теңге айыппұл салынған.
Берік Жарқынбеков күрделі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Тараз, Жамбыл, Жуалы, Рысқұлов, Меркі, Талас аудандарында жол блок-посттарды орнатуды ұсынды.
Автобус аялдамалары мен халық көп жиналатын жерлерді үнемі дезинфекциялық өндеуді жүргізіп отыру қажет. Технологиялық процеске қатысы жоқ мемлекеттік органдар мен мекемелер қызметкерлерінің 80 пайыз қашықтықтан жұмыс істеуге ауыстыру керек. Департамент басшысының айтуынша, бұл шаралар коронавирустық пандемияның екінші толқынына дайын болуға көмектеспек.
- Бірқатар сарапшылардың алдын-ала тұжырымдары мен ДДҰ мәлімдемесіне сәйкес, жақын арада коронавирустық инфекцияның одан әрі таралу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды. Сонымен қатар, алдағы екі жылда мерзімді өршулерге дайын болу керек. Қызылша мен ЖРВИ сияқты маусымдық инфекциялардың өршуін ұмытпауымыз қажет,- деп қорытындылады спикер.
Бердібек Сапарбаев эпидемиологиялық жағдайдың тұрғындардың жауапсыздығы мен бақылау топтарының әлсіз жұмысының салдарынан нашарлап жатқанын атап өтті.
- Арнайы топ мүшелері өз жұмысын қайта бастаған нысандарды үнемі тексеріп, бұзушылықтарды анықтап, құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін соттармен бірлесіп жұмыс жасауы керек. Бұл туралы жедел штабтың жиналыстарында айтылып келеді. Егер сіздер санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін нысандарды дер кезінде анықтап отырсаңыздар, онда вирусты жұқтыру жағдайларының статистикасы нашарламайтын еді, - деді облыс әкімі.
Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Жуық арада Тараз қаласының тұрғыны, карантиндік талаптарға қарамастан, өз үйінде ондаған қонақтардың қатысуымен мерекелік шара өткізген. Тұрғындардың бейқамдығы коронавирустық инфекцияның қаупін толық түсінбей отырғандығын көрсетеді.
- Жауапты орындар мұндай фактілерді бақылап, дер кезінде әрекет етіп отыруы тиіс. Коронавирустың алдын-алудағы жұмыстардың басым бөлігі тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау және қауіпсіздігін қадағалау департаментіне тиесілі. Сіздер бір қадам алда жүріп, тосын жағдайларды алдын-ала бағамдап отыруларыңыз қажет. Департаменттің жүйелі жұмысының нәтижесімен ғана біз коронавирустың екінші толқынына төтеп бере аламыз, - деді Бердібек Сапарбаев.
Аймақ басшысы дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Біздің аймақта ғана емес, бүкіл елде тұрғындар вирусқа қарсы және дене қызыуын түсіретін препараттарды жаппай сатып алуда.
- Адамдар дәрі-дәрмектерсіз қалудан қорқып, алдын-ала сатып ала бастады. Сонымен қатар, дәрігерлердің өздері де дәрі қабылдауға кеңес беріп отыр. Бірақ дәрі болмаса, олар қалай емделеді? – деп атап өтті облыс әкімі.
Берік Жарқынбековтың айтуынша, 29 маусымда аймаққа вирусқа қарсы препараттар, дене қызуын түсіретін дәрілер мен антибиотиктерді жеткізу жоспарланған. Дәріханаларда жоқ дәрі-дәрмектерді қолда бар ұқсас дәрілермен ауыстыруға болады.
Осыған байланысты Бердібек Сапарбаев Б.Жарқынбековке тұрғындар арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.