БЖЗҚ салымшыларының инвестициялық табысы 2020 жылдың басынан бері 1 трлн теңгеден асты
2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 12,5 трлн теңгеден асты.
БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен қалыптастырылған қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің құрылымы БЖЗҚ сайтының "Көрсеткіштер" – "Инвестициялық қызмет" бөлімінде орналастырылған.
ҚР Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес 2020 жылға мақұлдаған бағыттар шеңберінде ҚР ҰБ төмендегідей қаржы құралдарына инвестициялар жасады:
- ҚР Қаржы министрлігі шығарған, ағымдағы құны 5 481,14 млрд теңгені (барлық портфельдің 43,77%) құрайтын, ал теңгеге номиналданған қағаздардың орташа алынған кірістілігі жылына 8,7%, АҚШ долларында жылына 4,4%- құрайтын ҚР Мемлекеттік бағалы қағаздары;
- ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары (ағымдағы құны 1 707,9 млрд теңге (13,63%), теңгеге номиналданған осы құралдар бойынша орташа алынған кірістілік жылына 10,6%, АҚШ долларында жылына 4,80% құрады;
- ҚР екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары 1 152,07 млрд теңге (9,2%). Жылдың басымен салыстырғанда ЕДБ облигацияларының үлесі 2,64% азайды. ҚР ЕДБ теңгеде номиналданған облигациялары бойынша өтеуге орташа алынған кірістілік жылына 10,0%, АҚШ долларында жылына 6,3% құрады;
- 659,56 млрд теңге (портфельдің 5,27%-ы) мөлшеріндегі сыртқы басқаруға берілген активтер. Өсімі 2020 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда 211% ұлғайған, ол есепті кезең ішінде мандат шарттарына сәйкес жүргізілген инвестицияларға негізделген. Бұл активтер бойынша жиынтық табыс 84,5 млрд теңгені құрады.
Активтер сондай-ақ, шетелдік және қазақстандық банктердің депозиттеріне (тиісінше, бүкіл портфельдің 4,91% және 1,98%), Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің депозиттеріне (2,36% құрайды), инвестициялық шоттардағы ақша қаражатына (үлесі – 2,46%) және нарық талаптарына сай басқа да қаржы құралдарына әртараптандырылған.
Қаржы құралдарының инвестициялық портфелі валюталар бөлінісінде мынадай:
ұлттық валютадағы инвестициялар – 69,51%, АҚШ долларында – 30,29 %, басқа валюталарда – зейнетақы активтері портфелінің 0,19%-ы.
Есептелген инвестициялық кірістің құрылымы төмендегідей сипатқа ие:
- бағалы қағаздар бойынша сыйақы түріндегі кірістер, оның ішінде орналастырылған салымдар мен "кері РЕПО" операциялары бойынша 612,28 млрд теңге;
- бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен кірістер 51,76 млрд теңге;
- шетел валютасын қайта бағалаудан түскен кірістер 364,78 млрд теңге;
- басқа активтерді қайта бағалаудан түскен кірістер (шығындар) (БҚҚ) (5,49) млрд теңге;
- сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер 84,50 млрд теңге;
- өзге кірістер – 3,98 млрд теңге.
Инвестициялық қызмет нәтижесінде есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 2020 жылдың басынан бастап 1,1 трлн теңгені құрады. 2020 жылдың басынан бастап салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 9,71%-ды, инфляция 4,90%-ды құрады. Осылайша, БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша нақты кірістілік 4,81%-ға тең болды.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істегеннен бері салымшылар алған инвестициялық табыс 5 трлн теңгеден асты.