Қазақстандықтар техпаспорт пен көлік нөмірін үйге жеткізу қызметін белсенді пайдалана бастады
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы электрондық портал операторы – "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-мен бірлесіп, техпаспорт пен автомобильдің мемлекеттік нөмірлік белгісін қазақстандықтардың үйіне жеткізу қызметін іске қосқан болатын. Қызметке ең көп тапсырыс берген өңірлердің қатарында Қызылорда облысы мен Шымкент және Алматы қалалары бар.
Бұған дейін жаңа көлікті онлайн не офлайн түрде қайта тіркеген көлік иесі машинаның тіркеу нөмірі мен техникалық паспортын алу үшін міндетті түрде мамандандырылған ХҚО-ға жүгінетін. Енді курьер қызметіне тапсырыс берушілер көбіне қаланың сыртында орналасатын автоХҚО-ға бару үшін уақытын шығындамайтын болады.
Алғаш көлік алып отырған қызылордалық Асхат Кеңес бұл қызмет туралы автоХҚО мамандарынан естіген. Көлігін өз атына рәсімдеп болған соң, тіркеу нөмірінің дайын болуын күтпей, оның үйге жеткізіп беруін қалаған. Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру белсенді түрде жүріп жатыр.
Баршамыз қызметтерді электронды үкімет порталы арқылы алудамыз. Игілігін көрудеміз. Тапсырыс бергеннен кейін, көпке созбай, ХҚО мамандары үйіме нөмірді жеткізіп берді. Бұл өте қолайлы әрі оңтайлы екен – дейді Асхат Талғатұлы.
Жаңа автокөлік иесі онлайн сатып алу мәмілесінен кейін egov.kz порталындағы "Көлік және коммуникация" бөлімінде "МТНБ мен техпаспортты жеткізу" электронды қызметіне тапсырыс беруі тиіс. Бұдан әрі жеке деректерді және көлік туралы мәліметтерді (техпаспорт, МТНБ) толтыру қажет, сондай-ақ ең соңында құжаттар жеткізілуі тиіс мекенжай көрсетілуі қажет. Курьер қызметін пайдалану үшін 2240 тг төленеді.
Екібастұздық Дмитрий Фёдоров портал көмегімен көліктің дайын болған құжаттарын ғана емес, жаңа көлігін де қайта тіркеп алған. "Жарты сағат ішінде онлайн түрде көлікті өз атыма тіркеп алдым. Сосын курьер қызметіне тапсырыс бердім. Сол күні барлық құжаттар қолыма тиді. АвтоХҚО-ға мүлде барған жоқпын. Цифрланудың игілігі деген осы".
Келесі жылдан бастап, мемлекеттік корпорация дәл осылайша қызмет алушылардың үйлеріне дайын болған құжаттарды жеткізу қызметін іске қоспақшы. Азаматтар осылайша ХҚО-ға бармай-ақ, баланың туу туралы куәлігін, жеке куәлікті, паспортты алдырта алатын болады.