Кімге барамыз: сот алданған үлескерлерді қорғаудан бас тартқан
Елордадан баспана алып, қоныс тойын тойлаймыз деген үлескерлердің арманы он төрт жылдан бері орындалмай келеді. Құрылысы жаңадан басталған баспанаға қомақты қаражат құйғандар қолдарында барлық құжаттары болса да пәтерлеріне кіре алмай әлек.
Өйткені, серіктес компанияның басшылығы екінші қайтара сатып жіберген екен. Бұдан бөлек, құрылыста да талай құйтырқылықтың жатқандығын жайып салды. Ал, Жоғарғы сот бұл азаматтарды жәбірленушілер қатарынан алып тастапты. Шындық іздеп шырылдағандар біздің арнадан көмек сұрап хабарласты. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
"Доказательство, анау-мынау жоқ дейді. Доказательство бәрі бар. Неше, 200 бірдеңе том".
Том-томдап дәлел көрсеткендер діттегендеріне әлі де қол жеткізе алмай келеді. Барлығы сонау 2006 жылдан басталған. Жаңадан бой көтеретін тұрғын үйден баспана алуды көздеген азаматтар қыруар қаражаттарын "РЕмас" компаниясына құйыпты. 2 жылдан кейін қоныс тойын тойлаймыз деп үміттенгендер соңында пәтерлерін өзге біреулердің иемденіп жатқанын байқаған.
Еділжан Такиров, үлескер:
"Қазір менің қолымда барлық құжаттарым бар. Келісім-шарт, ақшаны "РЕмас" компаниясына аударғаным туралы түбіртек барлығы тұр. Бірақ, өзгеге сатып жібергендіктен қазір ол үйде басқа біреулер тұрып жатыр. Талай уақыт өтсе де ешқандай нәтиже жоқ".
Көпшілік қаражатын берген "РЕмас" компаниясы сол уақытта бұл тұрғын үй кешенін салуды серіктес "Тамыз инвест группен" келісімшарт жасасып, толықтай бітірмек болған. Он пайыз әуелгі салымшылардың үлесі болса, қалған тоқсан пайызы серіктесіне деп келісілген. Бірақ "Тамыз инвест групп" уағдаласқан баспаналарды да өзгелерге сатып жіберген. Мұны соңында білгендіктен қос компания арасында осыдан кейін сот процессі басталған. Алғашында жеңіске жеткен тұрғындар, Жоғарғы соттың шешімімен жәбірленушілер қатарынан шығарылыпты.
Айгүл Атаханова, үлескер:
"Прокуратура бәрін қолдап Алматы райондық соты бойынша судья бізді жәбірленуші қатарында танып, соттың шешімі шықты. Аппеляциялық шағым түсірді "Тамыз инвест групп" Соттың шешімі бойынша бізді жәбірленуші қатарынан алып тастады".
Айгүл Атаханова 2012 жылы бұл маңға адамдардың кіріп жатқанын байқап ештеңеге қарамай өз пәтеріне қоныстанған. Бірақ, әлі күнге дейін үйді толықтай өз атына аудара алмай әлек. Ал, 2013 жылы "Тамыз инвест групп" компаниясының 13 қабатынан бір бөлмелі пәтер сатып алған Әсел Әбіқаева мұндай құйтырқы тірліктен хабарсыз болған. Басында жөндеу жұмыстары бітпеді деп сылтау естісе, кейіннен қыруар қаражат берген пәтерінің сүрілетіні туралы шешімді көрген.
Әсел Әбіқаева, үлескер:
"Біз құрылыс компаниясына барлық қаражатты төледік. Бұл үшін біз жауап бермейміз. Басында түрлі сылтау айтқанымен кейіннен ГАСК-тың сүру туралы шешімін көрдім. Неге дер кезінде уәкілетті органдар өздерінің жұмыстарын тиянақты атқармаған. Енді солардың кесірінен біз зардап шегіп отырмыз".
"Ремас" компаниясы алғашында бұл жерге 9 қабатты тұрғын үй салуды жоспарлап, рұқсатын алған. Алайда, "Тамыз инвест групп" оны ысырып тастап 13 қабатты баспаналар тұрғызыпты. Тіпті, жалған құжаттар көрсетті деген компания басшысы дәлел жеткілікті болғанымен, Жоғарғы соттың неліктен мұндай шешім шығарғанына наразылық білдіруде.
Нажмудин Абдуев, "Ремас" компаниясының басқарма төрағасы:
"Құрылыс салуға рұқсаты жалған. Құрылыс салуға лицензиясы жоқ. Үлескерлерді тартуға лицензиясы жоқ. Ең бастысы 9 қабатты үйдің орнына 13 қабатты тұрғын үй салып жатқанда неліктен бұлай деп едім, барлығына рұқсатымыз бар деді. Енді олар қамауда жатыр. Бірақ, басында барлығы дұрыс жүргізілгенімен, Жоғарғы сот салымшыларды неліктен жәбірленушілер қатарынан шығарып тастағанын түсінбеймін".
Басқарма төрағасының айтуынша, Жоғарғы соттың шешімі өткен жылдың желтоқсан айында шығыпты. Онлай режимде өтті және дәлел аз деп осындай шешім шығарды дегендер мұнымен келіспейді. Бұл мәселе бойынша Жоғарғы сотқа хат жолдадық. Әзірге, жауап бермеді. Ал, шешімін таппаған оқиғаға байланысты салымшылар президентке де хат жолдаған.