Бердібек Сапарбаев: Бейбітшілік пен келісім – басты байлығымыз
Достық үйінің мәжіліс залында "Тәуелсіздіктің 30 жылы: бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі" атты облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІV сессиясы өтті.
Отырысты ашқан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық ҚХА "Бейбітшілік пен келісім" жобасын, "Біз біргеміз!" акцясын және басқа да қайырымдылық шараларды өткізуге белсене атсалысып жүргенін атап өтті.
Сессияға қатысушылардың назарына өңірлік ҚХА жұмысы туралы әзірленген бейнеролик ұсынылды.
Айта кетейік, облыстық ҚХА жанынан жеті клуб ашылған. Жұмыс сапасын арттыруға бағытталған бұл қатарда – ғылыми сарапшылар тобы, журналистер клубы, шеберлер клубы, жастар қанаты, қоғамдық келісім, медиаторлар және аналар кеңестері жұмыс жасауда. Ағымдағы жылдың алты айында ҚХА 67 миллион 119 800 теңге көлемінде қайырымдылық көмегін көрсеткен.
Басқосуда бірнеше спикердің баяндамасы тыңдалды. Ғылыми-сараптамалық бөлімінің бас сарапшысы Альбина Тапаева ұлттық құндылықтарды жаңғырту мен дамытудың маңыздылығы туралы жан-жақты тоқталды.
Ал, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинеті басшысының орынбасары, облыстық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бигелді Тәжібаевтың айтуынша, аймақта 1 облыстық, 10 аудандық, 3 қалалық, 154 ауылдық округтер мен 13 ірі мекемелерде барлығы - 181 ҚХА Қоғамдық келісім кеңестері құрылып, жұмыс жүргізуде. Олардың құрамына ардагерлер, этномәдени орталықтардың өкілдері, зиялы қауым, имамдар енген. Кеңестер жыл басынан бері 19719 тұрғынның қатысуымен 516 іс-шара өткізген.
Барлық ауылдық округтерде қоғамдық келісім кеңестері құрылғандығы қуантады. Бейбітшілік пен келісім – бұл біздің басты байлығымыз және біз оны көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. Кеңестер осы бағыттағы жұмыстара бергені дұрыс. Ақсақалдар жастарды өзара әңгімеге тартып, тәрбие туралы, әскери міндеттерді орындау қаншалықты маңызды екендігі жайлы түсіндіру қажет. Мемлекеттік тілді оқыту мәселелеріне де айрықша көңіл бөлу маңызды, - деді облыс әкімі.
"Өзбек ұлттық мәдени орталығы" қоғамдық бірлестігінің мүшесі, көпбалалы ана, Жамбыл облыстық ПД ЖПҚБ-ның аға инспекторы Диляфруз Кинжеханова өз сөзінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудағы отбасының рөлін тілге тиек етті.
Оның айтуынша, учаскелік полиция инспекторлары бөлімі, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлім, аналар кеңесінің өкілдері жасөспірімдер арасындағы қаңғыбастық фактілерін анықтау үшін 22 рейд өткізген.
Дилафруздың отбасы көптеген жас жұбайларға үлгі. Бес баланың анасы тағы төрт баланы бауырына басып, қамқорлық жасап отыр. Оның отбасында өзінің ана тілімен қатар мемлекеттік тілді жетік білетін түрлі ұлт өкілдері бақытты өмір кешуде, - деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, кәсіпкер Тейгран Аллахвердиев, "Жаңғыру жолы" жастар қозғалысының мүшесі Риналь Рахматуллин өз ойларын ортаға салды.
Сессия барысында облыстық ҚХА-ның жаңа құрамы бекітіліп, өңірлік ҚХА төрағасының Қоғамдық орынбасары болып күрдтер республикалық қауымдастығының вице-президенті Латиф Айдаров сайланды.
Сессия жұмысын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылады. Ол әрбір қазақстандық қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға үлес қосу керектігін баса айтты.
Өзара үйлесімді жұмыс жүргізу арқылы біз бұдан да биік белестерге жете аламыз. Ел Президенті мен Үкіметтің қолдауының арқасында облыста негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің қарқынды өсуі байқалады. Бірінші жартыжылдықтың соңында облыстың көрсеткіштері республикалық орташа деңгейден төмен болмайды деп күтілуде. Пандемияға қарамастан, жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Облыста 20-дан астам білім беру нысандарының құрылысы жүруде. Халықты газдандыру деңгейі және орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету көрсеткіші де жақсаруда. Ауыл тұрғындарын ауылшаруашылық дақылдарын суаруға байланысты мәселе алаңдатыны белгілі. Біз су үнемдейтін технологияларды белсенді түрде енгізіп, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін қолдануымыз керек. Жақын арада үш су қоймасының құрылысы басталады деп күтілуде, - деді облыс әкімі.
Ол баршаны "Асарлатып үй салу", "Жомарт түлек" жобаларын іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Биыл ауыл әкімдерін сайлау өтеді. Ауыл тұрғындары бірліктерін байқатып, ауылдағы мәселелерге жаны ашитын, жергілікті тұрғындар арасында сыйлы адамды таңдауы керек, - деді облыс әкімі.