Болат Назарбаевтың ”Салиқалы ұрпақ” қоры ұйымдастырған жазғы лагерьді қорытындылады
"Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қоры алтыншы жыл қатарынан мұқтаж отбасылардың балаларына арналған "OFFLINE демаlike" жазғы демалыс лагерін ұйымдастырып жатыр. Биылғы жылы лагерьге еліміздің түрлі аумағынан 40 бала аттанды.
Бұл лагерьде балалар интернеттен алыс, табиғатқа жақын, Тянь-Шань тауының етегінде салт-дәстүрге сусындаған бағдарламаның аясында демалып жатыр. Балалар атқа мініп, садақ атып, асық ойнап, бассейнде ойнап, салт-дәстүрді бойына сіңіріп, таутұлға ағалардың өмірбаянын игеріп те үлгеріп жүр. Дәл осындай сауатты ұрпақ – еліміздің жарқын болашағының кепілі! – деді қор директоры Қасым Қасабеков. Сондай-ақ, бағдарлама барысында ұлттық мәдениет пен патриоттық сезімді дамытуға ерекше көңіл бөлінгеніне баса назар аударды.
"OFFLINE демаlike" лагерінің басты мақсаты – жетімдер мен мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға жәрдем беру. Осы ниетпен "Салиқалы ұрпақ" қоры Алматы қаласы, Түркістан, Жамбыл, Алматы облысынан 40 балаға 10 күндік жолдама сыйлады.
Лагерь ұйымдастырушылары барлық қатысушылар керемет көңіл-күйге бөленіп, жаңа дос тауып, шығармашылық қабілеттері мен ішкі дарынын жарыққа шығарып, жаңа оқу жылына денсаулығын күшейтіп және тағы да басқа игіліктерге қол жеткізу үшін бар жағдайды жасауға талпынды.
Демалушылар иелігінде аумақтағы волейбол алаңдарының кешені, футбол алаңдары, жүзу бассейні бар. Балаларға демалыс турларын, ат үстіндегі саяхат, көрікті жерлерді аралау экскурсиялары ұйымдастырылады.
Ұлттық мәдениетті дамыту мақсатында ойын-сауықтың аясында дәстүрлі ойындарды өткізуге баса мән беріледі: асық, садақ атып жарысу, аударыспақ, қазақша күрес және тағы да басқа қызықтар. Ал, шығармашылығын шыңдашысы келетіндерге сурет салу мен домбыра тарту үйірмелері бар.
14 жасар Шымкенттік Рафаэль Константиновтың айтуынша, оған ұлттық ойындарды ойнау қатты ұнаған.
Бәрінен де маған атқа міну мен садақ ату ұнады. Мен бұл жерде өзіммен бірге ойнаған балалармен жақын таныстым. Әсіресе, өзара күрескеніміз өте қызық болды, - деп әсерін жеткізді Рафаэль. Лагерьдегі достық көңіл-күй мен жайлы ахуалдың жақсы екенін сөз арасына қоса кетті.
Оның Түркістан облысынан келген досы, Серікжан Тәңірберген дәмді тағамдарды тіліне тиек етті.
Балақай "Бізді төрт мезгіл тамақтандырады. Мен бұл жердің қант мен май қосылған ботқасын, шырыны мен компотын жақсы көріп қалдым" дейді.
Еске сала кетейік, 2020 жылы Болат Назарбаевтың "Салиқалы ұрпақ" қорының қолдауымен "OFFLINE демаlike" жазғы лагерінде жағдайы төмен отбасылардың алпыс баласы демалып шықты. Олардың қатарында Мақтааралдағы су апатынан зардап шеккен отбасылардан шыққан 20 бала бар. Жалпы осы уақытқа дейін лагерьде 450-ден астам бала демалды.
"Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қорының қызметі туралы толығырақ ресми сайттан оқи аласыз.
Ақпарат: Болат Назарбаевтың "Салиқалы ұрпақ" қоры 2016 жылы құрылған. Қор жұмысы аз қамтылған отбасыларды, мүгедектер мен жетімдерді қолдауға бағытталған. Қордың күшімен қаржылық көмек көрсету, азық-түлікпен және медициналық жабдықтармен қамту жобалары іске асырылады. Дарынды жастарға грант бөлу қордың айрықша бағыты боп табылады.