Жоғары Сот Кеңесі сапалы судьялар корпусын қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастыруда
2021 жылы Жоғары Сот Кеңесі сот төрелігін іске асыруға жаңа кәсіби кадрларды тарту жұмысын жандандыру жөнінде шаралар қабылдады, осыған байланысты Кеңестің ұсынымы бойынша биылғы жылдың басынан бастап судья қызметіне жаңадан 33 адам тағайындалды. Олардың барлығы күрделі конкурстық іріктеуден өтті және заңгерлік тәжірибелері мол.
Тағайындалған адамдардың орташа жасы – 43, ал заңгерлік өтілі – 17 жылды құрайды. 11 үміткердің заң магистрі немесе заң ғылымдарынды кандидаты дәрежесі бар, оның ішінде шетелде – Германия, АҚШ, Түркия, Франция және Израиль мемлекеттерінде тағылымдамадан өткен.
Судья қызметіне алғаш рет тағайындалғандардың ішінде – Сара Ұстажанова, Қуаныш Терлікбаев және Әсел Досаева.
Ұстажанова Сара Амантайқызы, 1983 жылы туған, "Юриспруденция" және "Шет тілі" мамандықтары бойынша жоғары білімі бар. Еңбек жолын ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған, 2009 жылдан бастап Ақмола облыстық адвокаттар алқасының мүшесі болған.
2016 жылы Ақмола облысы Біржан сал ауданы заң консультациясының меңгерушісі болып тағайындалды. Кәсіби қызметін жүзеге асырудағы жетістіктері және адвокаттық алқаның қоғамдық өміріне үлес қосқаны үшін Ақмола облысы Әділет департаментінің, Республикалық адвокаттар алқасының, Халықаралық адвокаттар Одағының (Достастығының) грамоталарымен марапатталған.
Биыл 30 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау аудандық сотының судьясы болып тағайындалды.
Терлікбаев Қуаныш Тілеужанұлы, 1978 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін "Юриспруденция" мамандығы бойынша бітірген, "Криминалистика және сот сараптамасы" кафедрасының аспиранты және заң ғылымдарының кандидаты.
2000 жылы магистратураны бітіргеннен кейін Алматы қаласында Алмалы аудандық ішкі істер басқармасында криминалист болып жұмыс істеді.
Содан кейін кәсіби қызметін өзі білім алған жоғары оқу орнының қабырғасында қылмыстық процесс, криминалистика және жедел-іздестіру қызметі теориясы салаларында стажер-зерттеуші болып жалғастырды. Одан әрі қылмыстық құқық, криминалистика және құқық қорғау қызметі кафедрасының аға оқытушысы, меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Бұдан басқа, 2014-2017 жылдар аралығында үш жыл бойы Алматы қаласы Нотариаттық палатасының мүшесі болды. Судья қызметіне тағайындалғанға дейін Д.А. Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының қылмыстық-құқықтық пәндер және құқық қорғау қызметі кафедрасының доценті болды. Заңгерлік өтілі – 20 жылдан асады.
2021 жылы 27 ақпанда Алматы қаласы Бостандық ауданы № 2 аудандық сотының судьясы болып тағайындалды.
Досаева Әсел Қасқарбайқызы, 1984 жылы туған, "Юриспруденция" мамандығы бойынша PhD докторы.
Заңгерлік өтілі 15 жылдан асады. Жеке және квазимемлекеттік секторларда жұмыс тәжірибесі бар. 2006 жылдан бастап "Қазтеміртранс" АҚ-да жұмыс істеді, онда қатардағы маманнан бастап басқарма басшысына дейін табысты мансап құрды.
Биыл 30 шілдеде Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық сотының судьясы болып тағайындалды.
Судьялыққа үміткерлердің барлығысы қатаң конкурстық іріктеуден өтті. Үміткерлерге қатысты HR-бағалаудың барлық салалары, соның ішінде сандық өлшемдер жүйесі бойынша автоматтандырылған бағалау, сараланған өлшемдер бойынша кешенді бағалау, құзыреттер бойынша сұхбат алу, оның барысында судьяның тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті қасиеттер зерделенді.
Аталған іріктеу рәсімдерімен қатар судьялыққа барлық кандидаттарға қатысты БАҚ-та және әлеуметтік желілерде кандидаттар туралы жұртшылықтың пікірін сұрау және зерделеу сияқты қосымша тексеру құралдары қолданылды.
Кеңес веб-сайтында конкурсқа қатысқан адамдардың тізімі жарияланды және азаматтар әрбір кандидат бойынша өз пікірін білдіре алды.
Бұдан басқа, кандидаттар облыстарда Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің отырыстарында қаралды, ол Кеңестердің құрамдарына өңірдегі отставкадағы судьялар, заңгерлер қоғамдастығының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді
Судьялар қауымдастығының да пікірі ескерілді. Конкурсқа қатысқан үміткерлер облыстық соттардың жалпы отырыстарында тиісті қорытындыларын алды.
Адвокаттар қоғамдастығының пікірін зерделеу үшін конкурсқа қатысқан адамдардың тізімдері адвокаттар алқаларына жіберілді.
Жоғары Сот Кеңесінің отырысында қарау алдында кандидаттарды іріктеуді құрамына судьялар, адвокаттар, заңгер-ғалымдар, заңгерлер қоғамдастығының, прокуратураның өкілдері, сондай-ақ HR-менеджмент саласындағы сарапшылар кіретін Кеңес жанындағы Конкурстық комиссия жүзеге асырды.
Судья лауазымына конкурстық іріктеу тәртібі туралы толық ақпаратпен Кеңестің сайтында танысуға болады.