Қазақстан мен Чехия инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін Прагада талқылады
Жаңа технологиялар, өнеркәсіп, сауда, инфрақұрылым, ЖЭК саласындағы кең ауқымды бағыттар бойынша ынтымақтастық перспективалары Қазақстан делегациясының Прагаға ресми сапары аясында ұйымдастырылған Қазақстан-Чех дөңгелек үстелінде талқыланды.
Дөңгелек үстел жұмысына министрліктер мен ведомстволардың, ұлттық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ 50-ге жуық қазақстандық және чех бизнес өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел аясында тараптар екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелеріне және бизнесті жүргізудің практикалық аспектілеріне ерекше назар аударды. Чех тарапы Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуалдың және бизнесті дамыту үшін тиімді жағдайлардың бар екенін атап өтті.
Іс-шараны аша отырып, Чех Республикасы Өнеркәсіп және сауда Министрінің орынбасары Мартина Тауберова Қазақстанның экономикалық даму қарқынын, сондай-ақ жоғары инвестициялық тартымдылықты оң бағалай отырып, Орталық Азия өңіріндегі маңызды әріптес ретінде Чех бизнесі тарапынан Қазақстанға деген қызығушылықтың арта түскенін атап өтті.
Қазақстандық тарап инвестицияларды қолдау саласындағы мемлекеттің жаңа шаралары мен саясатын, ҚР арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарының мүмкіндіктерін, сондай-ақ елдің ЖЭК және сауда саласындағы әлеуетін және т. б. таныстырды.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция Вице-министрі Қайрат Төребаев Қазақстан-Чехия өзара тиімді сауда-экономикалық қатынастарын тереңдетудің, инвестициялық әріптестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті.
"KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ өкілі Алтынай Мұқанова Қазақстандағы іскерлік ахуал, сондай-ақ оның инвестициялық мүмкіндіктері туралы толығырақ айтып берді. Өз сөзінде ол дөңгелек үстелге қатысушыларды Қазақстанның экономикалық дамудағы жетістіктерімен, Қазақстан-Чехия сауда-экономикалық ынтымақтастығының перспективалық бағыттарымен, сондай-ақ елдегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін ҚР Үкіметі қабылдап жатқан шаралармен таныстырды.
Өз кезегінде "Omnipol", "Sonnenergie", "FAIR", "Skoda Transportation" сияқты компаниялар қатысушыларды өз қызмет салаларымен таныстырды, ҚР нарығындағы табысты жұмыс тәжірибесі туралы айтып, Қазақстан тарапымен жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.
Айта кету керек, бүгінгі таңда екі ел арасындағы тауар айналымы 2021 жылдың 9 айында шамамен $182 млн құрады, 2005 жылдан бастап 2021 жылдың І жартыжылдығына дейін Қазақстан экономикасына салынған Чех инвестицияларының жалпы көлемі шамамен $240 млн құрады.
Іс-шараны "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ, Қазақстан Республикасының Чехиядағы Елшілігі, сондай-ақ Чех Республикасының Өнеркәсіп және сауда министрлігі ұйымдастырды.