БҚО тұрғындары үшін референдум отбасылық мерекеге айналды
Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданындағы Рахметовтер отбасы сегіз бала тәрбиелеп отыр. Аналары Айнұр Тәженова «Алтын алқа» арнайы төсбелгісімен марапатталған. Көп балалы жанұя әр істе бір-біріне арқа сүйеп, мал шаруашылығымен, жеке кәсіппен айналысады. Сонымен референдум өтетін күні Рахметовтер әулеті толық құраммен сайлау учаскесіне келді. Ал балалардың әлі дауыс беру құқығы болмаса да, олар референдумның Қазақстанның болашағы үшін маңыздылығын біледі.
Сурет: БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Дүйсенғалиевтер әулеті – Қалабай қыстауында мал шаруашылығымен айналысатын тұтас бір әулет. Бір «шаңырақтың» астында бірнеше ұрпақ, төрт отбасы өмір сүруде. Дүйсенғалиевтер әулеті ауылдастарына өзара көмек көрсетудің, салт-дәстүрді құрметтеудің үлгісі. Осындай мемлекет үшін маңызды мәселе шешіліп жатқанда отбасы мүшелерінің ешқайсысы шетте қалғысы келмеді.
Сурет: БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Жалпақтал ауылындағы сайлау учаскесіне тоғыз адамнан тұратын тағы бір көп балалы отбасы келді. Тату-тәтті Манқышовтар ерлі-зайыптылары бірауыздан белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсетіп, референдумда таңдау жасауға шешім қабылдады.
Сайын Әжғалиев ұзақ жылдар мәдениет саласында еңбек етіп, туған жері Шыңғырлау өңірінің өркендеуіне зор үлес қосты. Референдум өтетін күні отағасы әрбір қазақстандықтың борышын өтеуге, таңдау жасауға барша мүшелерін жинады.
Батыс Қазақстан облысында жексенбіні ерекше күнге айналдырған осындай отбасылар мыңдап саналады.