Мемлекеттен мол ақша алатын БАҚ-тар медиа дамуын тежеп тұр
Балаларды кибербуллингтен қорғайтын заң жобасы қабылданатын болса, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әлеуметтік желілерді бұғаттамайды. БАҚ туралы қазіргі қолданыстағы заңнамада бұл мүмкіндіктер қарастырылған.
Бұдан бөлек, Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасы біршама толықтырылды. Атап айтар болсақ, заңды өкілдердің институты құрылатын болады. Әлеуметтік желі немесе мессенджер қызметкерінің Қазақстан Республикасының азаматы болуы міндетті болмайды. Сонымен қатар, компания кеңселері Қазақстаннан басқа елде орналасуына рұқсат етіледі.
Бұл ақпаратты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев MediaNet Халықаралық журналистика орталығының жобасы – Expert Public Space онлайн-алаңында өткен сұхбат барысында мәлімдеді. Видео-сұхбаттың толық нұсқасы:
Сарапшылар заң жобасында қарастырылған шаралардың шектен тыс екенін, миллиондаған қолданушылардың коммуникациясын шектеуі мүмкін екенін айтып, бірнеше рет мәселені ортаға салған болатын. Одан бөлек, қылмыстық және әкімшілік кодекстерде жала жапқаны үшін, қорлағаны үшін, интеллектуалдық меншік құқығын қорғайтын және т.б. баптар бар. Олар кибербуллингтің алдын алуға жеткілікті.
Вице-министр сарапшылардың көкейіндегі бұл мәселеге жауап берді. Оның сөзінше, кибербуллингтің алдын алуға арналған заң жобасы балаларға қауіпті контентті тез арада өшіруге бағытталған. Биыл 9 айдың ішінде министрлік өкілдері әлеуметтік желілерге 140 000 шамалас материалды өшіруге сұраным жіберген. Ойшыбаев мырзаның айтуынша, контентті өшіру процесі ұзақ уақыт алады.
«Бұл заң жобасында кибербуллингке қарсы тұру және суицидтің алдын алу мақсатында балаларға қауіпті контентті 24 сағат ішінде өшіруге баса мән берілді»,- деп атап өтті вице-министр
Сонымен қатар, Қазақстан Meta-ның «контент туралы хабарлама жүйесіне» эксклюзивті мүмкіндік алғаны, оны аталған компаниялар жоққа шығарғаны туралы жағдайдың мән-жайына бөлек тоқталды.
Вице-министрдің айтуынша, АҚДМ өкілдері Meta компаниясының Гонконгтағы кеңсесімен зиян контентті жедел өшіру мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізген. Meta компаниясы 24 сағат ішінде қауіпті контентті өшіруге дайын екенін айтқан. Одан кейін олар Қазақстанды ішкі «Контент туралы хабарлама жүйесіне» қосқан.
«АҚДМ және Meta компаниясының Гонконгтағы кеңсесінің басшысы Чен мырза бірлескен мәлімдеме жасау туралы өзара келіскен. Министрлік өкілдері мәлімдемеде Қазақстан осындай мүмкіндік алған Орталық Азиядағы алғашқы ел деп көрсеткен. Содан кейін Reuters АА журналисі Meta компаниясының PR-қызметінің жетекшісіне хабарласып, Қазақстанға берілген эксклюзивті мүмкіндік туралы сұрайды. Meta өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды. Себебі, мұндай мүмкіндік әлемдегі барлық елдердің үкіметіне берілген. Одан кейін Чен мырза АҚДМ контентке жедел анализ жасау жүйесіне қосылғанын растап, пост жариялады. Бірақ онда «эксклюзив қолжетімділік» туралы сөз болмады», - деді Ойшыбаев мырза
«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» жаңа заң туралы
Ведомствоның заңнамалық жұмысы туралы сөз болғанда вице-министр 1999 жылы әзірленген БАҚ туралы заңға қаншама мәрте толықтырулар мен түзетулер енгізілгенімен, әлі де біршама өзгерту керек екенін айтты. Цифровизацияға байланысты нақтылауды қажет ететін тұстарды, жаңа түсініктерді енгізу керек. «Бұқаралық коммуникация құралдары туралы» жаңа заңда қолданыстағы екі заңды «БАҚ туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңды біріктіру жоспарланған. Шамамен айтқанда, бұл заң 2024 жылы қабылданады. 2022 жылы жұмыс тобы құрылады, талқылаулар бірінші жартыжылдықта басталады деп жоспарланған. Кемелбек Ойшыбаев жұмыс тобына еліміздегі азаматтық қоғамдағы жетекші ұйымдардың барлығы шақырылатынын атап өтті.
«Жаңа заң жобасына бірнеше маңызды өзгертулер енгізу жоспарланған. Интернет оның көп үлесін алады. Атап айтар болсақ, телевизия контентін трансляциялайтын онлайн-ресурстарға арналған бірыңғай ережелерді дайындау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта контентке қойылатын тілдік балансты сақтау, өнімдерді таңбалау, жарнама бойынша шектеулер секілді талаптар тек қана телерадиокомпанияларға қатысты. Алайда бұл ереженің күші сайттарға жүрмейді. Осы сұрақтар бірыңғай ережелерді дайындау үшін жұмыс тобының талқысына салынады. Дегенмен министрлік жаңа шаралар телевизиялық контенттің интернетте дамуына кедергі келтірмеуі керек екенін де түсінеді», - дейді Кемелбек Ойшыбаев
Вице-министр өзгерістерден соң, бірнеше шектеулер болатынын және Netflix, Megogo және т.б. стримингтік сервистерге арналған қосымша міндеттемелер енгізілуі мүмкін екенін айтты.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистердің мүддесі үшін ресми ақпарат беруге арналған жұмыс күндерінің санын жетіден екі немесе үш күнге қысқартпақшы екенін хабарлады.
Жаңа заңның ең маңызды пункттерінің бірі – журналистерге талап арыз беру мерзімін бір жылға қысқарту. Бұл туралы қоғамдық ұйымдар мен медиа сарапшылар бұған дейін бірнеше рет мәлімдеген еді.
Сонымен қатар, жаңа заңда блогерлердің статусы қайта қаралып, нақтыланатын болады. Ойшыбаев мырзаның пікірінше, блогерлерді журналистерге теңестіру дұрыс емес.
Ақпараттық саясат саласындағы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс туралы
Сұхбат барысында вице-министр ақпараттық саясат саласындағы мемтапсырыс жайына баға беріп, оны реформалау жайы туралы пікір айтты. Үкіметтік емес сектордағы медиа сарапшылардың ойынша, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс дәл қазіргі күйінде алғанда – атавизм және анахронизм.
«Бұл медиа саласының қарыштауына және БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін көтеруге кедергі келтіріп отырған ескілік. Одан бөлек, мемлекет жарнама көлемінен екі есе артық үлкен қаржылық буст жасау арқылы нарықтың және жеке медиа стартаптардың дамуына тосқауыл қойып отыр», - дейді MediaNet халықаралық журналистика орталығының директоры Әділ Джалилов
Мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың көлеңке жағын қыруар қаржы алушылар мен аударылған қаржы көлемі туралы негізсіз жабық деректер, сонымен қатар блогерлердің бюджет ақшасынан қаржыландырылып келгені секілді мәселелер көрсетті.
Ойшыбаевтың айтуынша, «Қазір мемлекеттік ақпараттық тапсырыс блогерлерге бөлінбейді. Барлық қаржы тікелей БАҚ-қа аударылады. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың көп үлесі бірінші кезекте мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыруға бағытталады. Олар: «Хабар» телерадиокорпорациясы, «Қазақстан» және облыстық телеарналар. Одан кейін қаржы онлайн-ресустарға: «ҚазАқпарат» ХАА, салалық сайттар, «Казахстанская правда» мен Egemen Qazaqstan-ға аударылады.
Одан бөлек, вице-министрдің сөзінше, мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың бір бөлігі, 4 млд теңге, мемлекеттік емес БАҚ-қа жұмсалады. Қаржыны комиссия конкурстық негізде бөледі. Қаржы көлемі мен оны алушылар тізімі «қызметтік ақпарат» болғандықтан, жабық ақпарат болып саналады. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырысты алғандар бұл деректердің жарияланбағанын қалайды.
«Бұқаралық коммуникация құралдары туралы» жаңа заң жобасында мемлекеттік ақпараттық тапсырысты БАҚ жұмысын қолдау мақсатында субсидиялауға алмастыру мүмкіндіктері де қарастырылған екен. Ендеше медиа еркіндік алып, форматын да кеңейтеді деп үміттенеміз.